«AMANAT» партиясы аудандық филиалының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Жиынды фракция жетекшісі Манарбек Көшкімбаев жүргізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Отырыс барысында партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасының орындалу барысы қаралды. Аталған бағытта атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланды. Әсіресе, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың тиімді жүзеге асырылуы басты назарда болды.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының аудан көлемінде іске асырылу нәтижелері талқыланды. Бұл бастамалардың тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудағы рөлі ерекше екені атап өтіліп, олардың ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік органдарға жолданған депутаттық сауалдардың сапасы мен орындалу деңгейі болды. Бұл ретте сауалдардың мазмұны мен олардың нақты нәтижеге бағытталуы қажеттігі айтылып, бақылауды күшейту мәселесі көтерілді.
Отырыста тұрғындардан түскен талап-тілектердің орындалу барысы да назардан тыс қалмады. Өткен кезеңдегі өтініштердің шешілу деңгейі сараланып, жаңа өтініштерді тиімді жинақтау және қарастыру тетіктері талқыланды. Халықпен кері байланысты күшейту – депутаттардың негізгі міндеттерінің бірі екені ерекше атап өтілді.
Сонымен бірге, мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулерінің кестесі бекітіліп, оны өткізудің жаңа форматтары түсіндірілді. Бұл кездесулер тұрғындармен ашық диалог орнатуға және өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын барысында фракция және комиссия мүшелері Мұратхан Естаев, Бақыт Серібаев және Нұртас Саурықов өз ұсыныстарын білдіріп, нақты бастамалар көтерді. Нәтижесінде тиісті қаулылар мен шешімдер қабылданып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.
Аталған отырыс халық сенімін ақтау жолында жүйелі жұмыстардың жалғасатынын көрсетіп, депутаттардың ел мүддесіне адал қызмет етуге дайын екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.