Мойынқұм таңы

Күн өткен сайын жасарған, Жамбыл ауылы тамаша!

0 16

Ауданымыздағы тірлігі табысты, көркі келбетті ауылдың бірі – Жамбыл ауылдық округі. Аудан орталығының іргесінде орналасқан ауылдың әлеуметтік — экономикалық дамуында оң нәтиже байқалады. Округ ауданның 60 жылдық мерекесіне жарқын жетістіктермен жетіп отыр.

Ауылдық округте жалпы халық саны – 1305 адам болса, аула саны –231. Онда тұратын отбасылар саны – 216. Ауылдың негізгі бағыты ауылшаруашылығы саласы. Округ бойынша барлығы 7 көшеге 15 бейнебақылау камералары орнатылған. 2025 жылы ақылы қоғамдық жұмысқа ауылдағы жұмыссыздар ішінен 12 адам тартылды. Алғашқы жұмыс орны бағдарламасымен округ әкімі аппаратында Мадияр Қанатбекұлы жұмыс жасауда. Ауылдық округ бойынша маргиналды жастар жоқ. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Оспанов, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Байқонысов, ауылдық әйелдер кеңесінің төрағасы Анипа Жұбайділдаева, белсенді ақсақалдары Медетбай Бадықов, Бейбіт Қуанышбаев та жастарға үлгі өнегелерін көрсетуде.

Ұстаздары – ұлағатты, оқушылары – озат

Округте орналасқан Абай орта мектебінде даярлық сыныбын қосқанда 220 оқушы бар болса, олардың ішінде 8 -11 сынып аралығында 61 оқушы білім алады. Оның 27-сі ұл, 34-і қыздар. Мектепті тәжірибелі маман Гүлмайра Бердіқұлова басқаруда. Білім ошағында қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Ешанқұлова, математика пәнінің мұғалімі Назгүл Ниетбаева шәкірт жүрегінен жол тапқан озат ұстаздар. Міне, осындай алыс ауылға білімнің сәулесін шашқан ұлағатты ұстаздардың еңбегінің арқасында білім сапасы жақсаруда. Әсіресе, оқу озаттары 10 сынып оқушылары Саяжан Тілеуберді, Нұрай Жанжарбек пен 8 сынып оқушылары Нұрайым Әділханды ерекше құрметпен айтуға болады. Бұл оқушылар аудандық байқауларда да өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Аудандық ғылыми жоба байқауында Нұрсая Тілеуберді екінші орын, Ілияс Жансүгіровке арналған байқаудың іріктеуінде Аян Ағажан екінші жүлде, «Төлеген Айбергенов оқуларының» аудандық іріктеуінде Айтолқын Ибрагим үшінші жүлдені олжалаған. «Ақберен» республикалық байқауының облыстық кезеңінде өлең жаза бастаған жас талант 10-сынып оқушысы Бағлан Түзелбай жүлделі үшінші орынды иеленіпті.

Мектепте 16 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның бүгінгі күнге 12-сі істеп тұр. Бейнекамералар ішкі істер бөліміне тіркелмеген. Мектепте 45 мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде педагог зерттеуші саны-11, педагог сарапшы саны-8, пе­дагог модератор -15, жоғары білімді мұғалімдер саны-45, кіші техникалық қызметкерлер-30 адамды құрайды. 2025-2026 оқу жылында 7 оқушы бітіреді. Мектеп орталықтандырылған қазандық жүйе­сімен жылытылады. 2024 жылы 1 жаңа пеш орнатылып, 2025 жылдың басында трансформаторы жаңартылды. Бүгінгі күнге қазандық жақсы жұмыс жасап тұр. Мектеп әкімшілігі мен психологтар тарапынан кәмелетке толмағандар арасында үнемі профилактикалық және психологиялық жұмыстары жүргізіліп отырады. Аталған мектепте 16 оқушы футбол, 50 оқушы волейбол, 15 оқушы шахмат үйірмелеріне қатысады. Олардың ішінде түрлі аудандық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген командалар мен оқушылар бар. Бокстан Саян Ағажан жасөспірімдер арасында облыстық жарыста үшінші орынмен оралып, қуантты.

Мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру мақсатында Абай атындағы орта мектебінде ыңғайластырылған 55 орындық «Ақбота» бөбекжай бақшасы жұмыс жасайды. Алайда ауылдағы 2-5 жас балалар саны екі есе көп, сондықтан балабақшаға бара алмай отырған біраз отбасының бүлдіршіндері бар. Қазіргі таңда балабақшада дәстүрлі 3 топ ұйым­дастырылған. Жылыту маусымында жаңа модульдік қазандық орнатылып, от жағушы қызметін 3 жұмысшы атқарады.

Дәрігері – үлгілі әрі білікті, мәдениеті – озат
«Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаса керек. Аталған ауылдық округте тұрғындарды емдеу, ауру белгілерінің алдын алу барысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген дәрігерлік амбулаторияда 1- дәрігер, 1 – әлеуметтік маман, 2 – медбике, 1 – акушерка, 1 – тазалықшы және 1 – қарауыл, барлығы 7 адам жұмыс атқарады. Бұл медициналық мекемені білікті маман Рахат Оржанова басқарады. Медициналық пункттің арнайы егу және қабылдау кабинеттері бар. 2025 жылы 19 бала дүниеге келді. Жамбыл ауылындағы барлық екі және екі жарым жастағы балаларға А гепатитіне қарсы екпе салынуда және А гепатитінің алдын алу бойынша санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілді. Адам попилома вирусына қарсы 11 мен 12 жас аралығындағы 13 қыз балаға екпе салынды. Жыл сайын қазан-қараша айларында тұмауға қарсы екпе егіледі. Оған диспансерлік есепте тұратын кісілер және 65 жастан жоғары ересек адамдар қамтылады. Балалардан тұмаумен жиі ауыратын және тыныс жолы ауруымен жиі ауыратын балаларға екпе егілді, олардың жалпы саны 120 адам.

Ауылда мәдениеттің кешенді бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында Мойын­құм аудандық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің 1 кітапханасы жұмыс істейді. Кітапхана меңгерушісі Айман Дінәлие­­ваның еңбегі үлкен. Кітап қоры 10 711 дананы құрайды, оның ішінде 5844 дана мемлекеттік тілде. 2 компьютермен жабдықталған және 2018 жылдан бастап цифрландырылған орталық жұмыс істеп тұр.

Округте мәдени тұрмысты жақсарту мақсатында ауылдық клуб жұмыс жасайды. Клуб меңгерушісі Айнұр Ермұратова өз ісінің нағыз маманы. Әрқашан мәдени – көпшілік іс- шараларды ұйымдастырудан жалыққан емес. Ауылдық клубта ауыл тұрғындарының қатысуымен түрлі іс-шаралар үнемі өткізіліп, клубтың жұмысы қайнап жатады. Жыл сайын еліміздегі мерекелерге орай концерттік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

2025 жылдың 14-наурыз күні көрісу күнінен басталған мереке 15-наурыз күні әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасаумен өз жалғасын тауып, ұлттық киімдерді киюмен ғана шектелмей, 22-наурыз жыл басы «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара ауылдық клубта өтіп, округке қарасты мекеме қызметкерлерінің ұйымдас­ты­руымен орталық алаңға кигіз үй тігіліп, ауыл тұрғындарына арнап наурыз көже таратылды. Мойынқұм ауданының ауыл күндері мерекесіне орай 31 наурыз күні «Ауыл күні» мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Аталған іс-шараға округ тұрғындары атсалысып, ауылдан шыққан беделді азаматтар қонаққа шақырылып, ауыл ақсақалдары марапатталды.

Шаруалар – табысты, кәсіпкерлер – ынталы

Ауылдың округте 45 шаруа қожалық тіркелген. Қазіргі таңда оның барлығы жұмыс істеп тұр. Бұл округ әкімінің істі дұрыс ұйымдастыра білгенін көрсетеді. Ақсана Жамбылқызы әрқашан осы шаруа қожалық жетекшілеріне жаңа бағыттарды, ауыл халқына ыңғайлы жаңа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, оларды жігер­лен­діруден жалыққан емес.

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 176 мың 085 гектарды құрайды. Оның ішінде 346 гектар егістік алқап болса, 27 мың 646 гектар жайылым, 3 мың 466 гектар шабындық, 497,0 гектар басқа бағыттағы жерлер. Округте барлығы 33 ауылшаруашылық құры­лым­дары тіркелген. Ауылдық округ бойынша ауыл­шаруашылық есебінде мүйізді ірі қара – 6 мың 851, қой-ешкі – 11 мың 686, жылқы – 1 мың 240, түйе – 277 басты құрайды. Асыраушы сала бойынша атқарылып жатқан игі істер де аз емес. Атап айтқанда, «Алайғыр» тоғанының бас жағына 2 миллион 475 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шлюз орнатылды. Көктемгі байлау жұмыстары аясында 1 миллион 500 мың теңгеге жұмыс жүргізіліпті. Бұл ауылға ағын су жақсы келетіндіктен, аз мөлшерде болса да диқаншылық жұмыстар жолға қойылған. Мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтардың жұмыстары бірқалыпты. Олар алдағы уақытта мол өнімге қол жеткізу жолында аянбай еңбек етіп, тірліктерін тіктеп келеді.

Жамбыл ауылында жалпы 8 азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде. Округтегі мониторингтік топ мүшелері кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды сақтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша апта сайын рейдтік жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Аталған 8 дүкеннің 4-і заңдастырылған, қалған дүкен иелері заңдастыру жұмыстарын енді жүргізуде. 2025 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, екі азаматша несие алуға ниет білдіріп, оның бірі «Наубайхана» ашуға құжаттар толығымен жинақталып, «Тараз кәсіпкерлік коорпорациясы» АҚ мекемесіне тексеруге жіберілген, алайда арнайы ғимараты болмауына орай құжаттары кері қайтарылыпты. Екіншісі сүт өндіру цехын ашуға, бұл азаматтың құжаттары бүгінгі күнге жинақталу үстінде, тиісті құжаттары толық жинақталғанда Тараз қаласына тексеруге жіберіліп, аталған цех жұмысының жұмысы сәтті жүреріне сенім мол.

Ауыл – ажарлы, тұрғындар – риза
Округте орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, ұтып алған мердігер ЖК «TALAS» бөлінген қаржы 3 миллион 300 мың теңге, келісімшарт құны 2 миллион 890 мың теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілді. Барлық көшелердің аншлагы (көше атаулары) толығымен жаңартылды, ұтып алған мердігер жеке кәсіпкер «ERNUR PRINT» келісімшарт құны 900 мың теңге. Ж.Қуанышбаев көшесінің түнгі көше жарығы толығымен ауыстырылды.

Көктемгі және күзгі көріктендіру, көгал­дандыру және санитарлық тазалық екі айлықтары белгіленген жоспар бойынша өткізілді. Атап айтсақ, ақылы қоғамдық жұмысшыларды тарта отырып, күн сайын ауыл ішілік көшелерге және ауылдың кіре берісінен тазалау жұмыстары жүргізіліп, барлығы 2 тонна қоқыс арнайы қоқыс тастайтын орынға шығарылып, жанатын заттар өртеу арқылы жойылды. Округке қарасты барлық мекеме қызметкерлері әр сенбі сайын өз аулаларына тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Бұл туралы jambil.akimat инстаграм, фейсбук парақшасына және сайтқа тұрақты жариялануда. Бүгінгі күнге көктемгі екі айлық санитарлық тазалау науқанына орай, барлық мекемелер өз аулаларына сенбілік жұмыстары апта сайын жеті көшеге тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жамбыл ауылына кіре берісінде орналасқан үшбұрышына абаттандыру жұмыстарын 8 миллион 100 мың теңгеге «Zharkyn bolashak Almaty» жеке кәсіпкерлігі ұтып алып жұмыстар жүргізді. Жамбыл ауылдық округінің ауыз су жинау резервуарын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, Жамбыл ауылдық округінің ауыз су ғимаратының жанынан су мұнарасын соғу үшін 24 миллион 500 мың теңге қаражат бөлініп, ауыл 100 пайыз интернет желісімен қамтылған.

Учаскелік полиция тіркеу пункті ауылдық әкімшілікте орналасқан құқықбұзушылық про­филактикасы жөніндегі аудандық ве­домствоаралық комиссияның 2025 жылға арналған жоспарларына сәйкес орын­далуда, кәмелетке толмағандардың ісі және жасөспірімдер мен бекітілген комиссиясымен және бекітілген жоспарға сәйкес рейдтік жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Абай орта мектебінде құқық­бұзушылығымен 1-оқушы тіркеліп тұр. Оқушымен мектеп психологы тұрақты жұмыс жасауда.

Учаскелік полиция инспекторымен бірлесе отырып, рейд жұмысы жүргізіліп нәтижесінде құжатсыз қару анықталған жоқ. Ауылдың учаскелік өкілі Нұрбек Станбек уақытпен санаспай тұрғындардың арасында жүреді. Ол қызметте жүргенде тұрғындардың ұйқысы тыныш, ауыл қауіпсіз. Нұрбек Нұрғалымұлы ауыл жас­тары және жасөспірімдерімен де тәртіп туралы, құқықбұзушылықты болдырмау туралы кездесулер, түсіндіру сағаттарын өткізіп тұрады. Осы істердің оң нәтижесі байқалуда. Ауыл тұрғындары тәртіпке бас иіп, үлкені ұлағатты, кішісі инабатты болуға күш жігерлерін жұмсауда. Мұның бәрі ауылдың тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшысының еселі еңбегі. Одан бөлек қараусыз, иесіз жүрген малдарға рейд жасалып, ауыл тұрғындарына мал­дарын уақытылы қамау туралы түсін­діру жұмыстары жүргізілді. Ауылда иесіз ғимараттар жоқ.

Ауылдық округ бойынша барлық жол белгілері орнатылған. Оның ішінде мектеп тұсында екі жол өткелі және бір жаяу жүргінші белгісі де қойылған.

Ауылдық пошта мекемесінің басшысы Жұлдыз Байғазы халықпен санасып, сапалы жұмыс атқаруда. Күнделікті баспасөз, газет – журналдардың ауылға уақытылы келуіне де ауылдық поштаның ықпалы жоғары. Ауылдың ветеринар мамандары да өз ісінің шеберлері. Ауылдық әкімшіліктің маманы Аида Тоқтарова да жұмысына белсенді.

Ауыл жастарымен ауыл тұрғында­рының, қайырымды кәсіпкерлердің де­меу­шілік қаржысына «Жексенбай Ата» мешітіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы тұрмысы төмен 4 отбасына 90 мың теңгеге азық-түлік себеттері берілді. 2025 жылы көп балалы бір отбасының үйі электр сымдарының тұйықталуы салдарынан өртеніп кетті. Бұған ақсақалдар алқасының төрағасы, әйелдер кеңесінің төрайымы және қоғамдық кеңестің мүшелерінің ұйымдастыруымен қаржылай көмек беру үшін қор ашылып, округке қарасты мекеме қызметкерлері және ауыл тұрғындары ат салысып үйді қалпына келтіру үшін қаржылай көмек берді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету шаралары тұрақты түрде өз жалғасын табады. 2026 жылы Наурызнаманың онкүндігі аясында аз қамтылған екі отбасыға азық-түлік себеттері берілді. Дінәлі Тәңірбергенов атамыздың ұрпақтарының демеушілігімен ауылдың кіре беріс бұрышына Дінәлі Тәңірбергеновке және ертеректе ауылда қызмет жасаған кісілерге арналған ескерткіш орнатылды. 2025 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен «Жексенбай Ата» мешітінің қатымханасына пешхана соғылып, пайдалануға берілді. Аталған мешіт имамы Ұзақбай Бадықов та ауылға имандылық дәнін таратуда.

–Округтің есімі Жамбыл ақын ата­мыздың атымен аталуы да ауыл тұрғын­дарына, ауыл жастарына шабыт береді. Жамбыл Жабаев атамыздың ескерткіші бар. Оған белгілі азаматтар, түрлі сала өкілдері құрмет көрсетіп жатады. Округтегі тұрғындардың ынтымағы жоғары, мек­тептегі оқушылардың ынталары биік. Ауылдағы барлық мекемелер, шаруа қо­жалықтар өз жұмыстарын жақсы біліп, істің үдесінен шығуда. Бірқатар шаруа қожалықтар мектепке, бөбекжай бақ­шасына өз көмектерін көрсетіп тұрады.

Биыл ауданымызға 60 жыл, Жазылбек Қуанышбаев атамызға – 130 жыл. Аудан әкімі Ермек Карентаевтың қолдауымен дүбірлі үлкен той өткелі жатыр. Оған біздің Жамбыл ауылдық округі де өз үлесін қосуы керек.

Біздің ауылда Жаз-атаның қара шаңырағы бар. Ол жерде де өзі тұрған, сол үйде баласы Бейбіт Қуанышбаев атамыз тұрып жатқаны – бізге мақтаныш. Ол Жаз-ата жайлы, жалпы ауданның тұтас мал шаруашылығының тарихын жақсы білетін кісі. Ауылымызда қазыналы қариялар, үлгілі әжелер аз емес. Біз оларды мақтан тұтамыз. Алда да үлгі істеріміз жалғаса береді,- дейді аталған округтің әкімі Ақсана Қалыбаева.