31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ауданымызда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Гүл қою рәсіміне Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Мұратхан Естаев, ауданның белсенді ардагері Баяхмет Шынжарбеков, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазыбек Бейімбетов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, аудандық мәслихаттың депутаттары Пернебай Рысымбетов, Ғалия Шубаева қатысып, жазықсыз жапа шеккен буынның рухына тағзым етті. Жиналған қауым бір минут үнсіздік жариялап, тарихтың ауыр кезеңінде құрбан болған азаматтарды еске алды. Аудандық мешіттің найб –имамы Тұрапбек Жайлаубекұлы марқұмдарың рухына арнап құран бағыштады.
Жиналған көпшіліктің алдында белсенді ардагер Мұратхан Естаев сөз сөйледі. «Бүгінгі күн өте ауыр күн. Сол ауыр жылдарды ойлаудың өзі қиын. Қаншама азамат, қаншама бейбіт отбасы зардап шекті. Ол кісілердің рухына әрқашан тағзым етеміз. Біздер ардагер ретінде жас ұрпаққа айтар өсиетіміз бар. Ол өсиет – осы бейбіт, бақытты күннің қадірін білу. Осы бейбіт күнде әрбір жас өзінің қабілетін дамытып, жетістіктерге жетуге міндетті. Сонда еліміз өркендеп өседі»,- деді ол.
Жазықсыз жапа шеккен аталарды еске алу – аға буынның жас ұрпаққа берер тағылымды тәрбиесі.